Алясканы неге таңдады? Трамп пен Путин саммиті өтетін жердің артықшылықтары

  • Тодд ПРИНС

АҚШ президенті Дональд Трамп 15 тамыз күні Ресей президенті Владимир Путинмен кездесіп, Украинадағы соғысты аяқтау мәселесін талқыламақ. Кездесу АҚШ-тың Аляска штатында өтеді. Екіжақты қарым-қатынаста бұл штаттың орны бөлек. Бұл жер кезінде әріптестік пен текетірес мекені болған.

Трамп саммит өтетін жерді жариялай отырып, Путинмен кездескенде 45 айға ұласқан соғысты аяқтау мәселесін, Ресей мен Украинаның территория жөнінде ымыраға келуін талқылайтынын мәлімдеді.

"Біз кейбір [жерлерді] қайтарамыз, кейбірін алмастырамыз" деді Трамп 8 тамыз күні Ақ үйде журналистердің сұрағына жауап беріп. "Екі жаққа да тиімді болатындай етіп жер алмастырамыз".

АҚШ-тың бұрынғы дипломаты, "Қырғи-қабақ соғысы" кезіндегі қару-жарақ келіссөздерінің қатысушысы Билл Кортнидің айтуынша, кездесу орны ретінде таңдалған Алясканың басты артықшылығы – оның географиясы. Штат Вашингтоннан және Мәскеуден шамамен тең қашықтықта. Бұрынғы дипломаттың сөзінше, АҚШ пен Совет Одағы арасындағы саммиттер үшін осындай ыңғайлы логистикалық орындар жиі қарастырылатын, бірақ оңай табыла бермейтін.

"Аляска Мәскеу мен Вашингтон арасындағы орта тұсты ұсынып тұр" деді Кортни Азаттыққа. "Путин мен Трамп шамамен бірдей қашықтыққа сапарлайды".

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Даниялық та, америкалық та болғымыз келмейді". Гренландияда тәуелсіздікті жақтайтын партия жеңіске жетті

Нью-Хейвен университетінің ішкі қауіпсіздік және халықаралық қатынастар жөніндегі профессоры Мэттью Шмидтің айтуынша, Путин үшін саммиттің Аляскада өтетінінің өзі жеңіс. Ресей баспасөз құралдары кездесу орны ретінде кезінде Ресей территориясы болған жердің таңдалғанын мадақтап жатыр, дейді ол. 1867 жылы АҚШ Алясканы Ресейден 7,2 млн долларға сатып алған.

Аляска Фэрбанкс университеті Арктика қауіпсіздігі кафедрасының профессоры Трой Буффардтың сөзінше, тағы бір маңызды фактор – қауіпсіздік. Аляска халық саны жөнінен АҚШ-тағы 50 штаттың ішінде 48-орында тұр. Онда 730 мыңға жуық адам тұрады. Бұл дегеніңіз АҚШ-тың өзге штаттарына қарағанда қауіпсіздік шараларын қолдану әлдеқайда жеңіл болатынын білдіреді.

Профессордың айтуына қарағанда, штаттағы саммит өтуі мүмкін деген ең ірі қала – Анкориджде 250 мың адам тұрады және мұнда логистика жақсы жетілген. Бұл қалада сондай-ақ Эльмендорф-Ричардсон әскери базасы орналасқан. Онда әуе күштерінің және жаяу әскердің мыңдаған қызметкері жұмыс істейді.

"Қаладағы қатынау бағыттарын, көшелерді және ғимараттарды бұғаттап тастау мүлде қиын емес" дейді Буффард.

АҚШ-та Путиннің рейтингі өте төмен. Pew Research Center ұйымының маусымда жарияланған сауалнамасына қарағанда, америкалықтардың 84 пайызы Кремль лидері халықаралық істерде дұрыс әрекет жасай алады дегенге мүлде сенбейді немесе олардың сенімі төмен.

Халықаралық қылмыстық соттың Путинді соғыс қылмыскері деп тануы саммитті үшінші елде өткізуді қиындатар еді. Халықаралық қылмыстық сотқа мүше 125 ел Путин сол елдердің біріне барса, оны ұстап беруге міндетті. АҚШ Халықаралық қылмыстық сотқа мүше ел емес.

Эльмендорф-Ричардсон әскери базасында тұрған F-22 ұшақтары. Аляска, 3 мамыр 2017 жыл.


АҚШ-та Путинге деген көзқарас нашар, бірақ егер олар кездесуді Вашингтон қаласында өткізер болса, жағдай әлдеқайда қиын болар еді, дейді Буффард.

АҚШ астанасы мен оның айналасында ондаған миллион адам тұрады. Олар көлігіне мініп, қалаға оңай жете алады. Яғни Путин Вашингтонға сапарлар болса, қалада оған қарсы ауқымды наразылық өтуі ықтимал болатын.

Аляска АҚШ-тың өзге штаттарынан шалғай жерде орналасқандықтан, ол жерге бару үшін америкалықтар Канада арқылы мыңдаған шақырым жол жүруі қажет. АҚШ-тағы ішкі әуе рейстері арасында Аляскаға сапар ең қымбаты саналады. Саммиттің бір апта бұрын ғана жариялануы оңтайлы билет алуды қиындата түспек.

Буффардтың айтуынша, Анкоридж көшелерінің бойында наразылық қайткен де болады деген қауесет бар. Адамдар көшеге украин туын ұстап немесе украин туымен түстеп киім киіп шықпақ. Кортнидің сөзінше, Путинге наразылықты көрсетпеу үшін оны "құрттың пілләсіндей" қоршап жүруі мүмкін.

ӘРІПТЕСТІКТЕН ТЕКЕТІРЕСКЕ

Аляска АҚШ пен Ресей қарым-қатынасында әрдайым ерекше орын алатын. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Аляска ленд-лиз бағдарламасы үшін маңызды рөл атқарды. Совет пилоттары АҚШ берген америкалық ұшақтарды осы жерден алып кететін. Алясканың батысындағы портты қала – Номнан Ресей майданына 8 мыңға жуық ұшақ жеткізілген.

1945 жылдан кейін бұл әріптестік текетіреске ұласты. "Қырғи-қабақ соғысы" кезінде Аляска Мәскеуге қарсы әскери бекініске айналды. АҚШ онда солтүстік полюс жақтан болуы шабуылға қарсы жүйелер, радиолокациялық станциялар орнатты. Бүгінде онда АҚШ-тың ең озық ұшақтарынан тұратын әскери база тұр. Штат зымыран шабуылына қарсы қорғаныстың алдыңғы шебі саналады.

Алпауыт елдер табиғи ресурсқа бай Арктика аумағы мұздар еріп, қатынау бағыттары ұлғайған тұста еск текетіреске қайта жан бітіп жатқандай. 2021 жылы Аляскадағы әуе күштерінің қол басшысы Ресей ұшақтарының Аляска әуе қорғаныс аумағына жақын жерде ұшып өту жиілігі совет кезіндегі жоғарғы деңгейге жетіп қалды деп мәлімдеген.

Ресейдің бомбалаушы және барлау ұшақтары шекараны әлі де сынап келеді. Шекараны кесіп өтудің ең кейінгісі 22 шілдеде болған. Бұл – биыл болған бесінші оқиға. АҚШ-тың кей шенеуніктері Аляскадағы Алеут аралдарында болған әскери объектілерді қалпына келтіруге үндеп жүр. Олар "Қырғи-қабақ соғысы" қызмет еткен бұл объектілер сол маңда жүрген Ресей және Қытай күштерінен қорғану үшін керек дейді.

Трампты өз жағына тартқысы келетін Путин Алясканы АҚШ пен Ресейді байланыстыратын жер ретінде қарастыруы мүмкін. Кремльдің сыртқы саясат жөніндегі кеңесшісі Юрий Ушаков Алясканы екі елдің Арктикадағы ортақ шекарасын көрсететін "мәні зор жер" деп атады.

"Ресей мен АҚШ бір-бірімен шектесетін жақын көршілер" деді Ушаков видео үндеуінде.

Бейбітшілік орнатуға бағытталған алдағы саммит қандай нәтижемен аяқталса да, Аляскадағы кездесу халықаралық қатынастарда сирек болатын сәт болмақ.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Путиннің "түпкі себебі". Бұлыңғыр жауап айтқан Кремльдің пиғылы қандай?