Атырау облыстық соты Украинадағы соғысқа қатысқан тұрғын 5 жылға бас бостандығынан айырылғанын растады.
Ресми ақпаратқа қарағанда, сотталушы С. былтыр наурыз соңында Мәскеуге барып, Ресейдің уәкілетті органдарымен келісімшарт жасасқан.
"Қысқа мерзімді оқудан және киім-кешек алғаннан кейін, танк полкінің құрамында әскери дәрігер ретінде Донецк облысында қарулы қақтығыстарға заңсыз қатысқан. 2024 жылдың желтоқсанында қарулы қақтығыс барысында жарылғыш құрылғы жарылып, сынық жарақатын алып, әскери госпитальге жатқызылған" деп хабарлады сот.
Процесс кезінде ол тағылған айыптарды толық мойындап, өкінетінін айтып, түрмеден басқа жаза тағайындауды сұраған. Ал прокурор оған 6 жыл түрме сұраған. Сот үкім шығарар кезде оның асырауында жас балалар барын да ескерген.
Бұған дейін бірқатар БАҚ Украинадағы соғысқа қатысқан Атырау тұрғынына үкім шыққанын жазған.
Қазақстан заңы өз азаматтарына шетелдегі қақтығыстарға қатысуға тыйым салады.
Екі апта бұрын украиналық "Хочу жить" жобасы 2025 жылдың басынан бері Ресей әскеріне жалданған 500-ден астам Қазақстан азаматының тізімін жариялаған еді. Жобаның көктемде мәлім еткен тізімінде 661 қазақстандық болған. Ұйымның хабарлауынша, осы тізімге орай Қазақстанның Украинадағы консулы Бауыржан Бегалимов Украинаның әскери тұтқындармен қарым-қатынас мәселелері жөніндегі штаб өкілдерімен кездескен. Кездесу барысында дипломат украин жағына Қазақстанда ақпараттық-түсіндіру шаралары күшейгенін, әрбір жағдай бойынша тергеу басталғанын хабарлаған.
Бұған дейін Қазақстан ішкі істер вице-министрі Игорь Лепеха журналистерге "Хочу жить" жобасы жариялаған тізімді әуелі "тексеру қажеттігін" айтқан еді.
Кейбір ақпарат құралдары бұған дейін Ресей әскерінде соғысып жүрген қазақстандықтар туралы жазған. Тізімде олардың аты-жөндері де бар және ондағы деректер бір-бірімен сәйкес келеді.
Осыған дейін Азаттық Қазақстанның сыртқы істер министрлігіне "Ресей үкіметі "арнайы әскери операция" деп атайтын соғыс басталғалы бері қанша қазақстандық Украинадағы майданның алғы шебіне жіберілді? Ресей жағында және Украина жағында қанша қазақстандық соғысып жүр?" деген сауал жолдаған. Министрліктен жауап болмады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ «Хочу жить»: Орталық Азия елдерінің мыңнан астам азаматы шарт мерзімі бітсе де, Украинада Ресей жағында соғысып жатыр