Қытай билігі Әлімнұр Тұрғанбайды ұстағанын растады

Әлімнұр Тұрғанбайдың отбасы архивіндегі фотосы

Шілде соңында Қытайға барып, жоғалған Әлімнұр Тұрғанбайдың ұсталғанын Қытай билігі растады.

Қытай жағы Қазақстан билігіне жолдаған жауабында Әлімнұр Тұрғанбайдың әлі де Қытай азаматы екенін, Қытайда қос азаматтық танылмайтындығын атап өткен. Жуырда Қазақстанның Қытайдағы консулдығынан жауап алған Әлімнұр Тұрғанбайдың әйелі Гүлдәрия Шеризат Азаттыққа консулдықтың берген жауабын көрсетті.

"Қытайлық тараппен өткізілген тиісті келіссөздің нәтижелері бойынша 2025 жылдың 11 тамызында Қытай қоғамдық қауіпсіздік министрлігі халықаралық ынтымақтастық басқармасы Қытайдың “Азаматтық туралы” заңының ережелеріне сәйкес, Әлімнұр Тұрғанбай Қытай азаматтығынан шығуға рұқсат алмағанын және Қытай азаматтығынан автоматты түрде айырылу шарттарына сәйкес келмейтінін хабарлады. Осыған байланысты ол әлі күнге дейін ҚХР азаматы мәртебесін сақтап отырғанын жеткізіп, Қытайда қос азаматтық танылмайтындығын атап өткенін жеткіземіз” деп жазылған консулдық жауабында.

Жақындарының сөзінше, Қытай билігі бұған дейін Әлімнұр Тұрғанбайдың Қытайдағы тіркеуі жойылғаны жөнінде құжат (напос – ред.) берген, бірақ оны олар кешігіп алған. Олар Азаттыққа сол құжатты да жіберді, онда оның тұрғылықты жерінен шығару себебі "шетелге тұрақтап қалу" деп көрсетілген, құжат қытай тілінде жазылған.

Әйелі Гүлдәрия Шеризаттың айтуынша, 2017 жылы “бүкіл отбасы болып, Қазақстан азаматтығын алған”. 2018 жылы "напос өшті" (қытайша тұрақты тіркеуді жою – ред.) деген қағаз "шыққан". Қытай заңы бойынша, олар қағазды Қытайға барып алуы керек екен, бірақ жағдайларға байланысты оны 2023 жылы ғана алған.

Тіркелмеген "Нағыз Атажұрт" қоғамдық ұйымының жетекшісі Бекзат Мақсұтханның Азаттыққа айтуынша, Қытай заңында кез келген Қытай азаматы өзге елдің азаматтығын алғанда автоматты түрде азаматтықтан шығады.

“Бірақ Қытай әлдеқандай ереже шығарып, мысалы төлқұжатты қию деген тәрізді қосымша ереже шығарып алмаса. Негізі автоматты түрде шығу керек, бұл әрекеті өз заңына қайшы” дейді.

Ал Гүлдәрия Шеризат Қазақстан билігінен күйеуін қайтаруға көмектесуін сұрап 13 тамызда да пикет өткізген. Айтуынша, полиция оны кешке дейін ұстап, жіберген. “Айыппұл саламыз деді. Интернетіміз ұстамай бүгін сағат 9-да кел деп жіберді. Біз оны босатуды әлі де талап етеміз. Оны босатпайынша. Аяғымыз, үніміз жеткен жерге дейін айқайлаймыз” деді ол.

Қытайда туып, Қазақстанға көшіп келіп, азаматтық алған Әлімнұр Тұрғанбай 23 шілде күні жұмыс бабымен Шыңжаңға кеткелі бері одан хабар-ошар жоқ. Қасында болған адамдар әйеліне "Қытай шекарасынан оны полиция ұстап әкетті" деп айтқан еді.

Қазақстан билігі де қос азаматтыққа тыйым салған. "Қандай да бір азаматқа Қазақстан азаматтығы берілетін кезде оның өзге ел азаматы екені-еместігі тексеріле ме?" деген сұраққа жауапты Азаттық Қазақстанның құзырлы органдарына қойып жатыр. Әзірге жауап алмады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Хабар жоқ". Қытайға кірген қазақстандық Әлімнұр Тұрғанбайды кім, неге ұстап әкетті?