"Шегіне жетті". Әзербайжан Ресеймен байланысын үзе ме?

Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен Әзербайжан президенті Илхам Әлиев Кремльде кездесіп отыр. Мәскеу, 22 ақпан, 2022 жыл.

Ресей Грозный аспанында Әзербайжанның жолаушылар ұшағын атып түсіргені үшін кешірім сұраудан бас тартқаннан кейін шиеленісіп кеткен Баку мен Мәскеудің арасы кейінгі апталарда одан әрі ушыға түсті. Бұған 8 тамыз күні Одесса облысындағы Әзербайжан мемлекеттік SOCAR компаниясына тиесілі мұнай базасы мен Украинаны Әзербайжан газымен қамтамасыз ететін сол жердегі компрессор станциясын Ресей күштерінің атқылауы себеп болды.

Әзербайжан президенті Илхам Әлиев бұл шабуыл әдейі жасалған деп Кремльді айыптады. Әзербайжандық бірнеше БАҚ енді Әлиев Киевке қару-жарақ жеткізуге қойылған тыйымды алып тастауы мүмкін деп жазды. Азаттық радиосы сарапшылардан Мәскеу мен Баку арасында не болып жатыр және бұл текетірес немен аяқталуы мүмкін деп сұрады.

10 тамызда Илхам Әлиев пен Украина президенті Владимир Зеленский телефонмен сөйлесті. Әңгіме барысында екі тарап та Ресейдің Украина аумағындағы Әзербайжан нысандарына жасаған әуе шабуылдарын айыптады. Зеленский Әлиевпен сөйлескеннен кейін бұл шабуылдарды "біздің және еуропалық басқа елдердің энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз ететін энергия жолдарын қиюды көздеген Ресейдің қасақана әрекеті" деп бағалады.

Азаттық мұнай базасының спутниктен түсірілген суреттерін зерттеп, шабуылға ұшыраған нысанның зақымданғанына көз жеткізді. Осы шабуылдар жасалғанға дейін, шілде айының аяғында, Әзербайжан газы Украинаға алғаш рет Болгария мен Румыния арқылы Трансбалқан дәлізімен жеткізілген еді.

Мәскеу мұнай базасы мен компрессор станциясына жасалған шабуылдарға ресми түсініктеме берген жоқ. Тек Ресейдің қорғаныс министрлігі 2-8 тамыз аралығында бірнеше нысанаға, соның ішінде "Украинаның әскери-өнеркәсіп кешені жұмысын қамтамасыз ететін газ тасымалдау жүйесі нысандарына" да шабуыл жасалғанын хабарлады.

Азаттықтың Орыс қызметі сұхбаттасқан сарапшылар Ресей мұнай базасы мен компрессор станциясын қателесіп атқылаған болуы мүмкін деген долбарға күмән келтіреді. Әзербайжандық саясаттанушы Фархад Мамедов үш жарым жылға созылған соғыс барысында SOCAR компаниясына тиесілі инфрақұрылым ешқашан шабуылға ұшырамағанын айтады.

SOCAR компаниясының Румыниядағы жанармай бекеті.

"Ресей тарапы, мысалы Қорғаныс министрлігі, нысанадан мүлт кетпейтін қару қолданатынын мәлімдейді, демек, олар қайда атып жатқанын жақсы біледі. Сонымен қатар, Ресей президентіне майдандағы жағдай жайлы сұрақ қойылғанда, ол әрдайым бәрі жоспарға сай жүріп жатыр деп айтады. Ендеше, SOCAR инфрақұрылымына жасалған шабуыл да сол жоспардың бөлігі деуге болады", – дейді Мамедов.

"Бұл тікелей Әлиевке қарсы жасалғаны айдан анық нәрсе, өйткені мұндай жағдайлар жайдан-жай болмайды, – деп есептейді Кавказды етене жақын білетін журналист Вадим Дубнов. – Көп адам мұны Украинаға Трансбалқан газ құбыры арқылы алғаш рет газ жеткізумен байланыстырады. Бірақ мен Мәскеу дәл сол себеппен шабуыл жасады деп ойламаймын. Мүмкін, Ресейге мұның дәл солай, яғни Трансбалқан газ құбыры үшін бәрін жазалағандай болып көрінгені керек те шығар. Бірақ шын мәнінде, Мәскеу жай ғана қолайлы сәйкестікті пайдаланып, сондай көріністі өз кәдесіне жаратқанға ұқсайды".

Әзербайжан ұстанымын өзгерте ме?

Ресей Украинаға кең ауқымды басқыншылық соғыс бастаған соң Әзербайжан әуелде бейтарап ұстанымда болды: ол Ресейді агрессиясы үшін айыптаған жоқ, соғысып жатқан екі тарапқа да қару-жарақ бермеді, бірақ Украинаға гуманитарлық көмек көрсетті.

Осындай саясат Ресей Грозный маңында дрон шабуылын тойтару кезінде Әзербайжанның жолаушылар ұшағын атып түсіріп, ол үшін тікелей әрі айқын кешірім сұраудан бас тартқанға дейін жалғасты. Ұшақ апатынан 38 адам қаза тапты.

Ақтау маңына құлаған Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының жолаушы ұшағының артқы бөлігінде шұрық-тесік көп із қалғаны апаттың себебі жайлы алдын ала есепте айтылған.

"Әзербайжан Украинаның жерінің тұтастығын қолдады. Бітімге келу жолдары жайлы нақты сұрақтарға жауап бергенде, Әлиев Әзербайжанның Армениямен соғыстағы тәжірибесіне сүйеніп, қарулы қақтығысты тоқтату қажет екенін, бірақ өз жерінен бас тартуға болмайтынын үнемі айтатын. Бакудың ұстанымы осыған саяды.

Бұған қоса Украинаға гуманитарлық көмек көрсетілді. Қазіргі уақытта оның жалпы көлемі 42 миллион долларға жеткен. Әзербайжан – Украинаға көрсетілген гуманитарлық көмек көлемі бойынша ТМД елдері ішінде бірінші орында. Бұдан бөлек, украиналық балалар оңалуға Әзербайжанға ауық-ауық келіп тұрады", – деді Фархад Мамедов.

Әзербайжанға оңалуға келген украиналық балалар

Вадим Дубнов Әзербайжан президентінің мемлекеттердің территория тұтастығын сақтау принципіне берік екенін айтады.

"Әлиевтің Украинадағы соғысқа қатысты ұстанымы өте қызық болды. Ол – соғыс басталардан бір күн бұрын Мәскеуге барған соңғы шетелдік қонақ болды, сол сапарында Ресей мен Әзербайжан арасындағы одақтастық ынтымақтастық туралы декларацияға қол қойды. Екінші жағынан, территория тұтастығы – Әлиев үшін басты құндылық. Сондықтан бұл мәселеде оның позициясы – Украина жағында екені түсінікті. Ал қалғаны – НАТО, халықаралық құқық, басып кіру, агрессия, Бучадағы әскери қылмыстар және басқалар – кейінгі кезектегі мәселелер. Ол Ресейдің Украинаға қарсы соғысында жақсысы қайсы, жаманы не екенін ашық айтпайды, Мәскеудің басқыншылығын айыптамайды, Украинаға сол агрессияға қарсы тұрғаны үшін ашық қолдау білдірмейді", – дейді Вадим Дубнов.

Зеленскиймен сөйлескеннен кейін көп ұзамай Әзербайжан президенті Украинаға гуманитарлық көмек көрсету үшін елдің Энергетика министрлігіне 2 миллион доллар бөлу туралы өкімге қол қойды. Бұдан бөлек, Caliber басылымы дереккөздерге сүйеніп, егер "Ресей Әзербайжан мүдделеріне қарсы агрессивті саясатын жалғастыратын болса, Баку Украинаға қару беруге қойылған тыйымды алып тастауы мүмкін" деп жазды. Caliber – Әзербайжан билігіне жақын басылымдардың бірі саналады.

Бакудегі әскери парад, 2021 жыл.

"Ресейлік патриоттық орта Әлиев Украинаға қару-жарақ беріп отыр деп айтуға бұрыннан үйір. Оған ешқандай дәлел табылмаса да гөй-гөй әңгіме көп айтылатын, – деп еске алады Вадим Дубнов. – Мәскеу одан сайын маздатып қойды, енді Әлиев оны, әрине, өз пайдасына қолданады. Әлиевтің өзі бұған қатысты ештеңе айтқан жоқ, ешкім ресми мәлімдеме де жасамады. Тек Caliber газеті жазды, бірақ оны Әзербайжан президенті әкімшілігінің "сыбыс бұлағы" деп атайды".

Дубновтың пікірінше, түптеп келгенде Әзербайжан Украинаға қару бермейді, себебі ондай әрекет "тым қауіпті" қадам болмақ.

Әзербайжан президенті Илхам Әлиев (сол жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин екі ел арасындағы одақтастық ынтымақтастық туралы декларацияға қол қойып отыр. Мәскеу, 22 ақпан, 2022 жыл.

Саясаттанушы Фархад Мамедовтің ойынша, Caliber газеті жариялаған ақпарат – Әзербайжан билігінің Ресейге жасаған айқын белгісі болуы мүмкін.

"Әзербайжан үкіметі әлгіндей ақпаратты әдейі таратып, SOCAR-ға тиесілі инфрақұрылымды бомбалауды тоқтат деп Ресейге белгі беріп отыр ма деген күдігім бар. Соғыс басталғалы бері Әзербайжан Ресейге, де, Украинаға да қару-жарақ бермеген. Ал бұл белгі – егер мұндай шабуылдар жалғаса берсе, Әзербайжан қару-жарақ жеткізуден бас тарту саясатын қайта қарастыруы мүмкін дегенді білдіреді. Ескеретін жайт – Әзербайжанның өзінде жеткілікті қару қоры, оған қоса қару-жарақ шығаратын әскери-өнеркәсіп кешені бар", – деді Мамедов.

"Шиеленіс иірімі тартып бара жатыр"

Мәскеу мен Баку арасы былтырғы жылдың аяғында Қазақстанның Ақтау қаласы маңында Azerbaijan Airlines (AZAL) әуекомпаниясының жолаушы ұшағы апатқа ұшырағаннан кейін шиеленісіп кетті.

2024 жылғы 25 желтоқсанда Бакуден Грозныйға ұшып барып, қонуға бет алған Embraer E190 ұшағын ресейлік әуе қорғаныс жүйесі қателесіп атқан. Зақымданған ұшақ Каспий теңізінің үстінен ұшып өтіп, Қазақстан аумағына жеткенде құлады. Апат салдарынан 38 адам (үшеуі экипаж мүшесі) қаза тауып, 29 адам зардап шекті. Әзербайжан бұл қайғылы оқиғаға жауапкершілікті Ресейге жүктеді, ал Кремль кінәсін мойындаудан бас тартып отыр.

Ақтау маңына құлаған Azerbaijan Airlines компаниясы ұшағының бір бөлігі. Маңғыстау облысы, 25 желтоқсан, 2024 жыл.

Илхам Әлиев Баку ұшақ әдейі атып түсірілген деп есептемейтінін, бірақ апатқа жауапкершілік "Ресей Федерациясы өкілдерінің мойнында" екенін айтты. Ол Кремльден кінәсін мойындауды және кінәлі адамдарды жазалауды талап етті. Ресей президенті Владимир Путин Әлиевпен сөйлескенде "қайғылы оқиғаның" Ресей әуе кеңістігінде болғанына байланысты кешірім сұрады, бірақ мойнына ешқандай жауапкершілік алған жоқ.

Бұдан кейін, биыл 27 маусымда Ресейдің Екатеринбург қаласында ресейлік күш құрылымдары әзербайжан диаспорасының ондаған өкілін ұстаған кезде екі адам қаза тауып, тағы екеуі қатты зардап шеккен соң екі елдің арасы тіпті ушыға түсті. Ресейдің сыртқы істер министрлігі 2001, 2010 және 2011 жылдары жасалған кісі өлтіру қылмыстарын тергеу аясында күдіктілерді ұстау шаралары жүргізілген деп мәлімдеді.

Баку зорлық-зомбылыққа қатысы бар адамдарды жауапқа тартуды талап етті. Екатеринбургтегі рейдтен кейін Әзербайжан билігі ел аумағында ресейлік мемлекеттік және жеке ұйымдар мен компаниялар ұйымдастырып өткізбекші болған мәдени іс-шаралардың бәріне тоқтау салды. Одан соң Бакуде жиырмаға жуық ресейлік азамат ұсталды, олардың арасында кремльшіл "Спутник Әзербайжан" агенттігі журналистері де болды. Әзербайжан биілігі бұл агенттіктің лицензиясының күшін ақпан айында жойған еді. Ұсталған ресейлік азаматтардың кейбіріне есірткі контрабандасы және кибералаяқтық қылмыстарға қатысы болуы мүмкін деген күдікпен айыптар тағылды.

Әзербайжан күш құрылымдары ұстаған Ресей азаматтары. Баку, 1 шілде, 2025 жыл.

"Ресейлік әуе қорғаныс жүйесі Әзербайжанның ұшағын атып түсіргеннен кейін екі ел арасында жоғары деңгейде байланыс болмағанына алты айдан асты. Ресейліктер әлгі ісі үшін кешірім сұраған жоқ, кінәлілерді жазаламады және өтемақы төлемеді, – дейді Фархад Мамедов. – Содан кейін шешілмеген мәселелер бірінің үстіне екіншісі қосылып, бізді шиеленіс иірімі тартып бара жатыр, ал Әзербайжан-Ресей қарым-қатынасында жаңалық болмай қалғаны ол мәселелер реттелді дегенді білдірмейді. Осындай кезеңдерден соң, Екатеринбург оқиғасынан кейінгідей жаңа дағдарыстар басталып, жағдай бұрынғыдан да шиеленісе түседі".

Вадим Дубновтың пікірінше, Мәскеу мен Баку арасындағы қатынастар "шегіне жетіп" отыр.

"Бұдан әрі нашарлауы екіталай, өйткені жанжал әзірге мәлімдемелер мен декларациялар аясында қалып отыр. Бірақ мұның бәрі экономикалық мәселелер сияқты қайсыбір маңызды нәрселерді қозғайтынына шүбәлімін. [Батыс салған] санкцияларды айналып өту және басқа да шетін мәселелер тұрғысынан алғанда Ресей үшін Әзербайжан өте маңызды. Бұдан бөлек, Әзербайжан Совет одағынан бергі кезеңде, мейлі, Кремльде билікте кім отырса да, Оңтүстік Кавказдағы басты олжа болды. Бұл объективті экономикалық себептерге де, Гейдар Әлиев дәуірінен бастап қалыптасқан ішкіэлиталық ерекше қарым-қатынастарға да байланысты. Оның ұлы Илхамның тұсында да осы дәстүр жалғасты", – деді Дубнов.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Әлиев пен Пашинян Ақ үйде ұзақ жылдық соғысты аяқтауды көздейтін бейбіт келісімге қол қойды

Натолиндегі Еуропа колледжінің еуропалық көршілік қатынастар кафедрасының аға ғылыми қызметкері Нұрлан Әлиев Әзербайжан Ресеймен қарым-қатынасы нашарлаған шақта Еуроодақпен байланысын нығайта бастайды деп топшылайды.

"Әзербайжан Мәскеуді одан сайын арандатып алмас үшін әр қадамын байыппен, мұқият екшеп барып жасауға тырысады деген ойдамын. Мысалы, атып түсірілген ұшақ ісін халықаралық сотта қарауға көбірек көңіл бөлуі мүмкін. Баку бұған қоса Еуропа одағымен байланысты нығайту үшін жұмыс істейтін шығар, ондай нәрселер қазірдің өзінде АҚШ-пен қарым-қатынаста жасалып жатыр. Әзербайжан үшін бұл – әрі қажет, әрі амалсыз қадам. Ресеймен қазіргідей қарым-қатынас жағдайын және өзіміз көріп отырғандай, Мәскеу тарапынан төнуі мүмкін қауіп-қатерлерді ескерер болсақ, ел еш кідіріместен осы бағытта жылжығаны жөн", – дейді Нұрлан Әлиев.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Әлиев Путинмен неге араздасты? Әзербайжан саясаттанушысымен сұхбат