"Шекарасыз тілшілер" ұйымы Ресейде "ұнамсыз" ұйымдар тізіміне енгізілді

Ресей әділет министрлігі халықаралық "Шекарасыз тілшілер" үкіметтік емес ұйымын елдегі "ұнамсыз" ұйымдар қатарына енгізді. Ведомство жаңартылған тізімді жариялады.

Құқық қорғау ұйымын "ұнамсыз" ұйымдар қатарына қосу туралы шешімді бас прокуратура 23 шілдеде 2025 жылы қабылдаған. Себебі айтылмайды.

"Шекарасыз тілшілер" ұйымы 1985 жылы Францияда құрылған. Ұйым цензурамен күрес, сөз бостандығын қамтамасыз ету, кәсіби қызметіне қатысты қудаланған журналистерді босатуды өзінің мақсаты ретінде атаған.

2002 жылдан бері "Шекарасыз тілшілер" әлемдегі баспасөз еркіндігі рейтингін жариялайды. 2025 жылы мамырда жарияланған ұйымның есебінде Ресей былтырмен салыстырғанда 9 орынға төмендеп, 180 елдің арасында 171-орын алған. Бұл 2002 жылдан бергі ең нашар көрсеткіш.

  • Ресейде "ұнамсыз" ұйымдар қатарына енгізу іс жүзінде оның қызметіне тыйым салумен пара-пар. Олармен ынтымақтастық орнатқан адамдар қылмыстық қудалануы мүмкін.