Астаналық Ариана Фаррахова көшеде жұмыс істеп жатқан сәтін жеке блогына жариялау үшін видеоға түсірген кезде бұл бейнежазба кейін іске тіркелетін негізгі айғаққа айналады деп мүлде ойламағанын айтады.
Көшеде оның қасынан кездейсоқ өтіп бара жатқан ер адам Аринаның жамбасын сипап, әрі қарай түк болмағандай кете барған. Ол адамның көшеде ғимараттың әйнегін жуып тұрған әйелге ту сыртынан қол жүгірткені видеоға түсіп қалған.
Шектен шыққан өрескел қылыққа төзбеген Ариана әлгі видеоны әлеуметтік желіде жариялады.
Сені зорлаған жоқ қой!
"Өте қатты қорланып отырмын", — деді ол.
Ариананың парағына жазылған әлеуметтік желі қолданушылардың көбі және ол мүлде танымайтын жандар блогерге қолдау білдіріп, ерсі қылық көрсеткен ер адамды айыптады. Алайда қолданушылардың бір бөлігі қолын сумаңдатқан әлгі еркекті қорғаштай сөйлеп, харассментке ұшыраған әйелдің өзіне кінә артты.
"Әдейі лосин киіп, өзгелерді еліктіріп тұрды ғой", – деп жазды Арианаға бір ер адам.
Видеодан Ариананың лосин емес, қалың спорт шалбарын киіп тұрғанын байқауға болады.
"Мен тазалаушы болып жұмыс істеймін, біз мұндай киім кимейміз! Жұлдызсынған түріңе болайын! Оның үстіне, жігітті де ыңғайсыз жағдайға қалдырдың. Бөксеңді жарнамалап жүрсің бе? Түкке татымайды!" – деп сөкті блогерді желі қолданушы бір әйел.
"Ол сені зорлаған жоқ қой! Енді 40 жылдан соң бөксең еркектің қолын сағынатын болады әлі!" – деп жазды Арианаға желі қолданушы тағы бір әйел.
Қазақстандағы харассмент жайлы тағы бір оқиға:
Өзіне қол жүгіртіп, намысын қорлаған ер адамның жазасыз қалғанын қаламаған Ариана Фаррахова полицияға арыз жазды. Блогер түсірген видеоның арқасында әлгі ер адамның кім екені жылдам анықталды: Астана қаласының 58 жастағы тұрғыны әрі 4 бала өсіріп отырған әке болып шықты.
Сот оны бес күнге қамады. Ариананың сөзіне қарағанда, жаза бұдан да қатаңырақ болуы мүмкін еді, бірақ сот айыпкердің өз ісіне өкінгенін және оның жас шамасын ескерген.
Блогер қыздың жазуынша, жәбірленуші болашақта мұндай жағдай қайталанатын болса қапы қалмас үшін құрбысы екеуі өзін өзі қорғауға жаттықтыратын сабақтарға қатысқан.
"Біздің заманымызда өзіңді өзің қорғай білу әйтеуір кәдеңе жарайтынын түсіндік. Өкінішке қарай, басымызға тимесе, оған мән беріп қарамаймыз ғой", – дейді құрбылар.